№ исх: 1725 от: 13.02.2020
Әліпбиішілік реттеулер бойынша ұсыныстар
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Бекітілген әліпби және оның емле ережелері бойынша Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, әдістемелік, ақпараттық және техникалық сүйемелдеу жұмыс топтары жұмыстар атқарды. Атап айтқанда мынадай міндеттер жүзеге асырылды.
Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап желтоқсанның соңына дейін жұмыс топтарының 12 отырысы өткізілді. Бұл отырыстарда ғалымдар мен мамандар әліпби, оның емле ережелері мәселелерін талқылады. Осындай талқылаулар барысында әліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануында жазылым мен оқылымда қолайсыздық тудыратын таңбалар бар екендігі анықталды.
Орфографиялық және әдістемелік жұмыс тобының мүшелері әліпби және оның емле ережелеріне байланысты апробациялық жұмыстар жүргізілді. Апробация оқушылар, студенттер, ересек тұрғындар, оқытушылар, әдіскерлер арасында ұйымдастырылды.
Әліпбиге байланысты оның Unicode стандартына сәйкес ақпараттық және техникалық сүйемелдеу тобы мүшелерінен техникалық сараптама алынды.
Әліпбидің ғылыми және әдістемелік мәселелері министрлік ұйымдастырған «Жаңа әліпби: әдістеме және халықаралық тәжірибе» атты ғылыми-практикалық конференцияда кеңінен талқыланды.
Министрлік тарапынан ұйымдастырылған әліпби және оның емле ережелерін меңгертуге байланысты 12 сағаттық курстар барлық өңірлерде өткізіліп, оған 1156 тыңдаушы қатысса, Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген 72 сағаттық курста 380 тыңдаушы қамтылды. Осы курсқа қатысушы оқытушылар, әдіскерлерден сауалнама алынып, оған ғылыми талдау жасалды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде әліпби жөнінде айтылған пікірлерге мониторинг жүргізілді. Сол бойынша ғалымдар сараптама жасады.
Министрлікке тұрғындар тарапынан жолданған әліпби жобалары Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының 8 және 15 қарашада өткізілген біріккен отырыстарында ғылыми талқылаудан өткізілді.
Министрлік, Тіл саясаты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өкілдері мен мамандары әліпбиге байланысты теле, радио хабарлардағы әліпбиге байланысты талқылауларға қатысып көпшіліктің сауалдарына жауап берді.
Министрлік, Тіл саясаты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қызметкерлері мен мамандары әліпбиге байланысты азаматтардың өтініштері бойынша жеке қабылдаулар жасады.
Жоғарыда аталған мақсатты және жоспарлы жұмыстар негізінде Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері төмендегідей ғылыми қорытындыға келді.
Біріншіден, барлық түркі тілдерінің табиғатына ортақ «бір əріп – бір дыбыс» принципінің сақталмауы;
екіншіден, қазақ әліпбиіндегі реттіліктің сақталмауы;
үшіншіден, классикалық латын әліпбиіндегі кейбір әріптердің өзге дыбыстарды таңбалауы;
төртіншіден, әліпбидегі кейбір əріптердің Unicode стандартына сай болмағандықтан, компьютерде танылу, оқылу жəне конверторлау барысында кедергілер келтіруі.
Осындай олқылықтар жаңа әліпбидің емле ережелерін үйрету курстарына қатысқан мұғалімдер мен әдіскерлер және жұртшылыққа насихаттау барысында сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері тарапынан да айтылды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларда да, әлеуметтік желілерде де жиі көтерілді. Жүргізілген сынама жұмыстарының нәтижесі де әліпби құрамындағы кейбір əріптерді өзгерту қажеттілігін көрсетті. Бұл жинақталған ұсыныстар бекітілген әліпби реттеуге бағытталады, сондықтан бекітілген əліпбиге ішінара толықтырулар мен түзетулер енгізу қажет. Сонымен ғалымдардың және көпшіліктің ұсыныстары негізінде төмендегідей қорытындыға келдік.
І
І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылады: İnstitut, universiada,ministrlik, kino, jinalys, bilık, Irımşık, ızgılık, kırıspe, bılım.
Емлелік негіздеме: И дыбысын İ таңбасымен беруде термин сөздер халықаралық тұрпатына ұқсас болады әрі көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika. І [і] дыбысы абсолюттік кездесу жиілігі 5 орында болатын қазақ тіліндегі өнімді дауысты дыбыс болғандықтан, оның үстіне ноқат қойылмаса, яғни /ɪ/ әрпімен жазылса, қазақ мәтінінде жолүсті таңбаларын көбейтпейді.
Статистикалық негіздеме: қолданылу жиілігі, мәтінді қамту пайызы жоғары.
ІІ
У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылады: Universitet, turizm, qauly, uaqyt..
Емлелік негіздеме: universitet, konstitusia сияқты термин сөздердің тұрпаты халықаралық қолданыстағы нұсқасына ұқсас болады.
Графикалық негіздеме: Мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы.
Статистикалық негіздеме: У әрпінің Ұ әрпіне қарағанда жиілігі аса жоғары. Сондықтан диакритиканың көптігін тудырмас үшін оны (яғни У-ды) диакритикасыз U-мен таңбалаған қолайлы.
Ұ дыбысын Ū таңбасымен беру ұсынылады: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat, qurylys, ūiym.
Графикалық негіздеме: Дыбыстық жағынан өзара ұқсас таңбаларды әліпбиде қатар орналастырған дұрыс. Сонда /U/, /Ū/, /Ú / таңбаларын тану, қабылдау барысы әліпбидің көзшалымдық та, қолдағдылық та тартымдылығын мен қолайлылығын арттырады.
Статистикалық негіздеме: Ұ әрпінің У әрпіне қарағанда жиілігі төмен. Сондықтан оның диакритикасы /Ū/ көзшалымға қиындық тудырмайды.
Педагогикалық негіздеме: «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйрету /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.
IІІ
Ш дыбысын седиль таңбасымен (Ş) беру ұсынылады: Şańyraq, qaşyqtyq, alaş, úşınşı, şeşım.
Емлелік негіздеме: /sh/ қосар әрпі екі түрлі оқылып, шатасу тудырады, мысалы, shema (шема/схема), sholast (шоласт/схоласт), ashana (ашана/асхана), Еshil (Эсхил, Эшил), Ashat (Ашат/Асхат). Сонымен бірге қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтауға да мүмкіндік туады.
Статистикалық негіздеме: ш дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны екі таңбамен беру мәтінді жасанды ұзартады;
ІV
СҺ (Ч) таңбасын әліпбиден алып тастау ұсынылады.
Фонетикалық негіздеме: Ч дыбысы қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейді.
Статистикалық негіздеме: Ч дыбысымен келетін шеттілдік сөздердің саны өте аз және қолданылу жиілігі төмен.
Бұл ұсыныстар жаңа қазақ әліпбиінің ғылыми негіздемесін күшейтіп, көпшіліктің көкейінен шығады деп ойлаймыз. Сондықтан осы әліпбиішілік реттеулерді қолдауларыңызды сұраймыз.